2023 жылғы 24 мамырда мектебіміздің 9-11 сынып оқушыларының Астана қаласы Прокуратурасының Басқарма аға прокуроры Абуталипов Бауыржан Қосымбайұлымен кездесуі өтті, онда есірткі қылмыстары үшін заңнамамен белгіленген жауапкершілік және жасөспірімдер арасындағы нашақоллықтың алдын алуға бағытталған шаралар туралы айтылды.
Қазіргі таңда нашақорлық мәселесі денсаулықты сақтау тұрғысынан ғана қарастырылмайды. Есірткіні қолданатын адам қоғамға нақты қауіп төндіреді. Әдетте мұндай адамдар еш жерде жұмыс істемейді, туыстары және достарымен жанжалдасады, қылмыс жасауға барады. Нашақор жасөспірімдер болашақта тіпті балалы болу мүмкіндігінен айырылады немесе даму кемістігі бар сәбилерді дүниеге әкеледі. Елімізде нормативтік-құқықтық база жетілдірілген, есірткіге қарсы іс-қимыл бағдарламалары әзірленген, мемлекетіміздің аумағы арқылы тыйым салынған заттардың контрабандасына тосқауыл қойылған. Арнайы дайындалған мамандар ұдайы тергеу және жедел іздестіру операцияларын жүргізуде, қылмыстық және азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсетуде.