БІРТҰТАС ТӘРБИЕ: СӘКЕН СЕЙФУЛИННІҢ 130 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬ ӨТТІ📍
Бүгін Елорда төрінде N80 мектеп-гимназиясында Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған ұстаздардың басын қосқан республикалық фестиваль өтті. Бұл - мемлекет және қоғам қайраткері, ақын - Сәкен Сейфулиннің 130 жылдығына арналды. Қазақстан республикасы Оқу-ағарту Министрінің бұйрығына сәйкес «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында өткізілген шараға 300-ден аса адам қатысты.
Ауқымды шарада алдымен ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеуші ғалымдар, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері қатысушыларға құнды ақпарат айтты. Атап айтсақ, Марат Әбсеметов, Қанат Жүнісов, Асылгүл Әбіш, Роза Асылбекова, Қапаш Қабыкенқызы, Марат Тіреуов сынды тұлғалар сөз сөйлеп, жылы пікір білдірді.
Бұдан соң мұғалімдер арасында «Адам - керуен, өмір – жол» педагог-ақын мүшайрасы, оқушылар арасында «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы…» ақын шығармасына негізделген комикс байқауы, «Saken Seifullin «Thorny path» оқушыларға арналған booktrailer және «Сәкеннің сырлы әндері» атты байқау өтті. Сондай-ақ педагогтер «Жалпыадамзаттық, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі Сәкен шығармаларының маңызы» атты педагогикалық оқуға да қатысты. Шараны ұйымдастырудағы мақсат: Сәкен Сейфулиннің шығармаларын дәріптеу, педагогтер мен оқушылардың шығармашылық мүмкіндіктерін жүзеге асыру үшін жағдай жасау, үздік инновациялық педагогикалық тәжірибелерді анықтау және тарату, аймақтық педагог қауымдастығының өзара байланысын орнату, кәсіби қарым-қатынас аясын кеңейту еді. Мұндай фестивальді өткізуге Астана қаласының Білім басқармасы мен оған қарасты Әдістемелік орталық басшылығы мұрындық болды.