Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына бүгін 2023 жылдың 9 ақпанында 34 жыл толуына орай мектебіміздің алғашқы әскери дайындық мұғалімі, подполковник Ташубаев Аркен Капановичтің ұйымдастыруымен Ауған соғысының ардагері, «Парыз» соғыс ардагерлерінің республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, запастағы полковник Ербол Қалқаманұлы Смагулов, Астана қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі, полковник Алтай Тургунбекович Айтбаев, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық қорғаныс университетінің магистранты, подполковник Еркен Әлімжанұлы Нашарбаев меймандарымыздың құрметіне арналған «Есімде Ауған соғысы» атты кездесу іс-шарасы өтті. Бүгінгі күні ерліктің даңқын асқақтатып, өздерінің азаматтық түр тұлғасын танытып жүрген ардагер ағаларымыз қашанда, қай кезде де мадақ пен марапатқа лайық жандар. Атақты жауынгер жазушы Б.Момышұлы: «Айбындылық аспаннан түспейді» деп қаһарман ұлдарын пана тұтқан. Сондықтан Ауған соғысының ардагерлерін құрметтеу біздің азаматтық парызымыз. Аталған тарих беттерін парақтап, бүгінгі күнге жетіп отырған ағаларымызбен сұхбаттасу үшін ардагерлерімізді оқушылар әңгімеге тартып, деректі бейнебаяндарды көріп, көкейлеріндегі сұрақтарына жауаптарын алды. Кездесудің соңында мектебіміздің «Жас Сарбаз» әскери жасағы естелікке суретке түсіп, қолтаңбаларын да алды.