2022 жылғы 25 қараша -10 желтоқсан аралығында өткізіліп отырған «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді әрекет» акциясының аясында Астана қаласының С.Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясында жоғары сынып оқушыларымен кездесу өтті. Кездесуге Астана қаласы полиция департаментінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлінісінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция подполковнигі Г.Т. Шрахметова қатысып, елімізде балаларға көрсетілетін зорлық-зомбылықтың барлық түрлерінің алдын алу, және жою мақсатында іске асырылып жатқан бірқатар стратегиялар жайлы әңгімелеп берді. Соңғы жылдары біздің елімізде балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгездік таныту мәселесі ерекше өзекті болып отыр. Қазақстанда 2009 жылдың желтоқсанынан бастап «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заңы қолданысқа енгізілді, ал, 2014 жылдың ақпанында «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік заңнамалық актілеріне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Президент Қ-Ж.К. Тоқаев 2022 жылғы халыққа Жолдауында: «Қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдануы керек. Осыған байланысты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарға тиімді қарсы іс-қимыл үлкен рөл атқарады. Бүгін әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату қажеттілігі туралы азаматтар мен қоғам белсенділерінің өтініштері ескерілуі тиіс», деп атап өтті. Спикер, осы орайда, отбасылық-гендерлік саясатты жетілдірудің жаңа тәсілдері әзірленгенін айтты.